Алматының индустриалды аймағында орналасқан Hyundai Trans Kazakhstan зауытының базасында көлік құрастырушыларды даярлайтын мектеп ашу жоспарлануда.
«Зауыттың міндеті — әлемдік өндірушінің жаңа сапа стандарттарын енгізу және қазақстандық нарықты жаңа автомобильдермен толықтыру. Биыл біздің зауыт толық қуаттылыққа шықты, жылына 45 мың автомобиль шығарылады. Қазір зауыт штатында 750-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Мамандардың басым бөлігі — техникалық қызметкерлер. Автомобиль өндірісіне арналған толымдауыштар Корея, Қытай, Үндістан, Ресей, Венгрия және Еуропадан келеді», — деді автомобиль өндірісі зауытының директоры Максим Тарасов «Алматы» телеарнасының тілшілеріне берген сұхбатында.