×
Алматының индустриялық аймағында екі жаңа инвестициялық жоба іске асырылуда

Екеуі де 2023 жылдың соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың төрағалығымен өткен өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында Алатау ауданындағы Алматы индустриялық аймағына қатысушылардың тізіліміне екі жаңа инвестициялық жобаны енгізу туралы шешім қабылданды.

«Industrial Place» ЖШС өндірістік алаңы 3 мың шаршы метр шағын өнеркәсіп паркін салуды көздейді, оның аумағында жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары — стрейч пленка, фольга, майлық, дәретхана қағазы, тамақ өнеркәсібіне арналған қаптама өндірісі орналасатын болады.

Жобаға 270 млн теңге жеке инвестиция салу жоспарлануда, кем дегенде 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобаны іске асыруға индустриялық аймақта ауданы 0,5 га жер учаскесі бөлінді.

«Almaty Textile Group» ЖШС машина жасау саласын дамытуға бағытталған шағын өнеркәсіптік парк салуды жоспарлап отыр.

5 мың шаршы метр аумақты алып жатқан өнеркәсіп паркінде металл бұйымдар, электр жабдықтары, роликті перделер мен жалюзи, медициналық жиһаз, автожанармай құю электр зарядтау станциялары, туристік тіркеме-кемперлер, сондай-ақ, жоғары дәлдіктегі металл өңдеу зауыты өндірісі бойынша өз қызметі өрістетіледі.

Жобаға инвестиция 500 млн теңгені құрайды, 120 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Инвесторға 1 га жер учаскесі бөлінді.