Жалпы ақпарат

Алматының индустриялық аймағы жоғары тиімді жоба

Алматы қаласының индустриялық аймағы Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейін дамуының Стратегиялық жоспары мен Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалды-инновациялық дамуының Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде құрылған. Индустриялық аймақтың жұмысы Кәсіпкерлік кодексімен және «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың Бірыңғай бағдарламасымен реттелген.

Индустриялық аймақ жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылған және, бірінші кезеңде, Алматы қаласында өнеркәсіптің басымды бағыттарын дамытуға арналған – ол машина жасау, тамақ, жеңіл, фармацевтік, химия өнеркәсіптері және құрылыс материалдарын өндіру. Сонымен қатар, қаланың тұрғын аудандарынан өнеркәсіп кәсіпорындарының орын ауыстыруына, технологиялық, инновациялық өнім шығаруға, импортты алмастыруға бағытталған инвестициялық жобаларға артықшылық көрсетіледі.

Алматы қаласының индустриялық аймағын құруға, оның ішінде өнеркәсіп өндірістері мен тиісті инфрақұрылымның – автомобиль мен темір жолдарының, логистикалық пен әкімшілік орталықтарының құрылысына және оларға қызмет көрсетуге арналған Алатау ауданындағы 490 гектар бос алқаптар бөлінген. Бүгінгі күні 40 компания индустриялық аймақтың қатысушысы болып табылады, жоспарланған жеке инвестициялардың жалпы сомасы 191,3 млрд. теңгені құрайды, өндірістерді пайдалану кезінде 4 905 тұрақты жұмыс орны ашылады. Шығаруға жоспарланған өнімнің де спектрі өте кең – балмұздақтан бастап мұнайгаз өнеркәсібінде қолданатын болаттан жасалған құбырларға дейін.

Индустриялық аймағында 2016 жылы «BRBAPK» ЖШС жылыжай кешені іске қосылды. Жылыжай жылына 7 мың тоннадан астан өнім беруге мүмкіншілігі бар. Жоба «Қазагроқаржы» АҚ қолдауымен жеке инвесторлармен жүзеге асырылды, инвестициялар 7,8 млрд. теңгені құрады, 150 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Ағымдағы жылы сусымалы құрылыс материалдар үшін қағаздан жасалған қаптар өндіру бойынша «Almapack» ЖШС, орта және жоғары кернеулі кабель өнімін шығаратын «KMK Investment» ЖШС өндірісінің бірінші кезеңінің іске қосылуы жоспарлануда.

Сонымен қатар, 13 компания өз жер телімдерін игеруді бастады және жұмыстарын жүргізуде – «Asia Steel Pipe Corporation» ЖШС, «КСМ ТехнОВИД» ЖШС, «ASSET» ЖШС, «DOC» ЖШС, «Grand Food» ЖШС, «ЭНКО» ЖШС, «KZON Industrial» ЖШС, «ГСГ Высотник» ЖШС, «Актау-1» ЖШС, «Багдар» ЖШС, «Sorbent-Volish» ЖШС, «Гауди-08» ЖШС, «Kaz Tiger Tape» ЖШС.

Жұмыс істеп тұрған инженерлік инфрақұрылымның болуы, инвестициялық жобаларды іске асыру мерзіміне оңды әсер ететін маңызды фактор болып табылады. Индустриялық аймақты құру барысында оның инфрақұрылымын дамытуға мемлекетпен 22 млрд. теңгеден асық қаражат жұмсалды. Бюджеттік қаражат есебінен көше жол желісі, ПС-11 «АЗИ», ПС-12 «БАК», РП «Шаңырақ» электр қосалқы станциялары, кабель желісі, сумен қамтитын желісінің бірінші кезеңі, газбен қамтитын магистральді желісі, «Индустриальная» жүк тиеу-түсіру станциясы іске қосылды.

Бүгінгі күні, ішкі автомобиль жолдарының, электр желісіне арналған кабель қазбаларының, сумен, газбен қамтитын желісі екінші кезеңінің, магистральді кәріз суларының коллекторына қосылу үшін өткелінің, тарату теміржол станциясының, әкімшілік-тұрмыстық кешенінің, нөсер канализациясы желісінің құрылыстары жалғасуда. Бұдан басқа, кәріз сулар мен газбен қамтитын тарату желілерін, жүріс темір жолын, өрт сөндіру депосын, әлсіз тоқты және диспетчерлендіру желілерін салуға арналған жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Индустриялық аймақты тиімді басқару мақсатында, «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың Бірыңғай бағдарламасына сәйкес құрылған «Индустриальная зона – Алматы» ЖШС индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы болып табылады. Кәсіпкерлік субъектілерінің индустриялық аймақтың қатысушысы болуы, олардың өтінімдері және өз қызметін осы аймақта жүзеге асыру туралы басқарушы компаниясымен жасалған келісім-шарттар негізінде іске асырылады.

Инвестициялық жобаларды іріктеу тәртібі келесі кезеңдерден тұрады:

1) кәсіпкерлік субъектісінің басқарушы компаниясына жүгінуі және өтінім беруі;

2) өтінім бойынша эксперттік қорытынды дайындау, Алматы қаласы әкімдігінің Аумақтық үйлестіру кеңесіне жобаны қосу жөнінде ұсыныс жасау және оны мақұлдау туралы шешім шығару;

3) Алматы қаласы әкімдігіне 3 жылға дейінгі мерзімге уақытша ақылы жер пайдалану құқығын беру туралы өтініш беру;

4) нысанды жобалау және құрылысын жүргізу.

Бұдан басқа, басқарушы компаниясы индустриялық аймақтың қатысушыларымен өзара қатынас жасайды және олардың қызметіне мониторинг жүргізеді, жаңадан іске қосылған инфрақұрылымға қызмет көрсетеді. Бұл мақсатта басқарушы компаниясы, қатысушыларға және инфрақұрылым нысандарын жобалау мен құрылысын жүргізіп жатқан мердігер ұйымдарына қызмет көрсету үшін индустриялық аймақта уақытша үй-жай орналастырған.

Бүгінгі күні кішігірім компанияларымен қатар үкіметаралық келісімдер шегінде мұнайгаз ұлттық ірі компанияларына қызмет көрсетуге құрылған ірі компаниялар да индустриялық аймақ қатысушылары болып табылады. Оның ішінде 9 компания тікелей шетелдік инвестицияларын тарту жолымен құрылғанын – Ресей, Жапония, Швейцария, Қытай, Иордания компанияларының қатысуымен өнеркәсіп өндірістерін индустриалдық аймақта орналастыру жоспарлануда. Индустриялық аймақ қызметіне тек отандық емес, шетелдік инвесторларының тарапынан да қызығушылық өсуде.

Құрылыс үшін жер телімдерін беру мен магистральді инфрақұрылымды жүргізумен қатар, жеке кәсіпкерлердің өзінің инвестициялық қызметі және Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігімен жасалған инвестициялық контракттар шегінде салықтық пен кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктер, жер телімдері түрінде заттай гранттар алуға мүмкіндіктері бар. Ал, ірі инвесторларға жобаға жұмсаған инвестицияларын жарым-жартылай қайтаруға болады.

Болашақта, индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорындар өз саласының көшбасшылары және Алматы қаласындағы өнеркәсіп өндірісінің техникалық жаңғыруының дәлелі болуына сенім бар.